Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Мақсатымызға әскери жолмен жетеміз!» - Путин Украинадағы соғыс барысы мен әскери әлеуеті туралы ашық түрде ешкім күтпеген мәлімдеме жасады

20:47, 17 желтоқсан 2025

Ресей президенті Владимир Путин бүгінгі мәлімдемесінде Украинадағы соғыс барысы, әскери әлеует және сыртқы қауіпсіздікке қатысты бірқатар қатаң тезистерді алға тартты, деп хабарлайды Аlash.kz.

Владимир Путиннің айтуынша, Ресей армиясы майдан шебінде «стратегиялық міндеттерді жүйелі түрде орындап жатыр». Оның сөзінше, соңғы кезеңде Украина қарулы күштерінің Батыста даярланған элиталық бөлімдері ауыр шығынға ұшыраған.

Ресей басшысы әскердің шабуыл қарқыны алдағы уақытта күшейетінін мәлімдеді. Сондай-ақ Курск бағытындағы операциялар кезінде КХДР әскери бөлімшелерінің «ерекше батылдығы» көрсетілгенін атап өтті.

Путин 2025 жылдың басынан бері Ресей әскері шамамен 300-ге жуық елді мекенді бақылауына алғанын айтты. Оның сөзінше, Мәскеу соғыс басталған кезде қойылған мақсаттарынан бас тартпайды және оларды толық орындауға ниетті.

Қару-жарақ тақырыбына тоқталған Ресей президенті «Буревестник» пен «Посейдон» жүйелеріне алдағы ондаған жыл бойы тең келетін балама қару болмайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар биыл Ресей Әскери-теңіз флотының құрамына 19 жаңа суүсті кемесі қосылғанын хабарлады.

Путин Батыс елдерінде жиі айтылатын «Ресей Еуропаға қауіп төндіреді» деген пікірді жоққа шығарып, оны «негізсіз мәлімдеме» деп атады. Украина аумағында кеңейтілген буферлік аймақ құру мәселесі уақыт өте келе қарастырылатынын да жоққа шығармады.

Мәлімдеме соңында Ресей басшысы бейбіт келіссөздерге дайын екенін жеткізді. Алайда Украина тарапы диалогтан бас тартқан жағдайда, Мәскеу өз мақсаттарына әскери жолмен жететінін ескертті. Ал Ресейдің ядролық күштері, Путиннің сөзінше, елге қарсы кез келген агрессияны тежеуге арналған негізгі фактор болып қала береді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар