Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Асхат Оралов жаңа лауазымға тағайындалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Енді ол «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарады.
Жаңа қызметке ауысуына байланысты Асхат Оралов әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, Маңғыстаудағы еңбек жолын өміріндегі ерекше кезең ретінде бағалаған.
Оның айтуынша, қасиетті Маңғыстау өңірінде қызмет атқарған кезеңінде маңызды шешімдер қабылданып, бірқатар жобалар жүзеге асырылған.
Асхат Оралов өңірдің дамуына бірге атсалысқан әріптестеріне және облыс тұрғындарына алғысын білдірді.
«Қадірлі достар!
Бүгін Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымындағы қызметімді аяқтадым.
Қасиетті өңірде қызмет еткен уақыт - өмір жолымның ерекше кезеңіне айналды. Әр күн қайта оралмас бағалы сәттерге, маңызды шешімдерге және таудай тәжірибеге толы болды.
Әулиелі өлкенің дамуы үшін көптеген жобалар жүзеге асып, қарт Каспийдің жағасындағы киелі мекеніміздің өркендеуіне барымызды салдық.
Алда жаңа белес.
Маңғаз мекеннің тұрғындарына бас ие отырып, қатар жүріп қызмет еткен барша әріптестеріме алғысымды білдіремін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, жақсы күндеріміз көп болғай!» – деп жазды Асхат Оралов.