2025 жылдың 4 желтоқсанында америкалық музыка марапаттардың бірі – Grammy сыйлығының ресми сайты мен YouTube арнасында Димаш Құдайбергеннің өз авторлық Fire композициясымен орындаған жаңа бейнежазбасының премьерасы өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Dimashnews ақпараттық порталының хабарлауынша, қазан айында ол Нью-Йорк қаласындағы әлемге әйгілі Madison Square Garden сахнасында қазақ мәдениетін жоғары деңгейде таныстырып, зор табысқа жеткенінен кейін, Димаш Америка Құрама Штаттарындағы ең беделді музыкалық институттардың бірі – Grammy.com платформасымен және Америкалық Ұлттық дыбыс жазу өнері мен ғылымы академиясымен шығармашылық байланыс орнатты.
Global Spin жобасы 2021 жылдың қыркүйегінде әлемдік музыкалық қауымдастықты қолдау және дамыту мақсатында іске қосылған. Жоба аясында бүгінге дейін K-pop жанрының мегажұлдыздарынан бастап, нигериялық хип-хоп және шотланд фолк орындаушыларына дейін көптеген танымал халықаралық әртістер өнер көрсетті. Әрбір шығарылым белгілі бір орындаушының ғана емес, сондай-ақ оның Отанын да дәріптейтін эксклюзивті тікелей орындаудан тұрады.
Дыбыс жазу академиясы АҚШ-тың орындаушыларының, ән авторларының, продюсерлерінің, дыбыс режиссерлерінің және басқа да музыкалық мамандарының мүдделерін қорғай отырып, сондай-ақ әлемдегі ең беделді музыкалық марапат – Grammy сыйлығын да ұйымдастырады.
Мұндай жоғары беделді ұйым тарапынан мойындалу – әлемдік мәдени кеңістікте өз елін таныстырып жүрген әртіс үшін маңызды қадам.