Атырау облысы Индер ауданында 7 ай бойы еңбек құлдығында болғанын мәлімдеген 54 жастағы Ерлан Сабировтың шағымы полиция тексерісінен кейін расталмады, деп хабарлайды ALASH.KZ.
“Атырау Online” мәліметінше, ер адам мал бағып, бұл үшін ешқандай ақы алмағанын және үнемі бақылауда болғанын айтқан.
— Мен мал бақтым, бірақ ондай өмір сүргім келмеді. Алғашқы мүмкіндік туғанда қашып кеттім. Енді жаңа өмір бастап, отбасы құрғым келеді. Маған ештеңе берген жоқ — мен жай ғана құл болдым. Сол үшін Атырауға келдім, — дейді Сабиров.
Ол сол уақыт бойы қасында болған адамның есімін де есіне түсіре алмайтынын жеткізген.
Атырау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында бұл жағдай анықталып, дереу тексеріс жүргізілген.
— Тексеру барысында бұл азаматтың қандай да бір мәжбүрлеуге ұшырамағаны анықталды. Полиция қызметкерлері оның тұрғылықты мекенжайында туыстарымен әңгімелесіп, таратылып жатқан мәліметтердің жалған екенін растады, — деп мәлімдеді департамент.