Парламент мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында орын алған жол-көлік оқиғасына байланысты пікір білдіріп, құқық қорғау жүйесін түбегейлі реформалау қажеттігін мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Халық қалаулысының пайымдауынша, жоғары лауазымды тұлғалар мен ірі бизнес өкілдерінің балаларына көрсетілетін жеңілдіктер мен «қамқорлық» мемлекеттік органдардың жұмысына кедергі келтіріп отыр. Депутат бұл мәселені Парламент кулуарында журналистерге берген сұхбатында ашық айтты.
Бақытжан Базарбек өз сөзінде Алматы қаласындағы жол қозғалысы ережелерінің сақталуына қатысты жеке бақылауларымен бөлісті. Ол қымбат спорттық көліктердің қала көшелерінде емін-еркін жүруі және олардың иелерінің жауапкершіліктен қашып құтылуы жүйелі мәселеге айналғанын жеткізді. Депутат ішкі істер органдарындағы мұндай бейберекетсіздікті тоқтату үшін тек Алматымен шектелмей, бүкіл республика деңгейінде тексеріс жүргізу керектігін алға тартты.
Мәжіліс депутаты лауазымды тұлғалардың балаларына қатысты қалыптасқан жағдайды қатаң сынға алды. Ол:
«Мұндай «мажориктік» жағдай, яғни жоғары лауазымды шенеуніктердің, лауазымды тұлғалардың, ірі бизнесмендердің балаларына ішкі істер департаменттеріндегі лауазымды адамдардың қамқорлық танытуы – бұл тек Алматыда ғана емес, басқа аймақтарда да жеткілікті. Сондықтан ішкі істер органдарында ауқымды тазарту жүргізу қажеттілігі туындап тұр», – деп мәлімдеді. Базарбектің айтуынша, заң алдында барлық азаматтың теңдігі іс жүзінде дәлелденуі тиіс.
Сөз соңында депутат қоғамдағы ескі түсініктер мен артықшылықтардың уақыты өткенін қадап айтты. Ол өз сөзінде:
«Мен өзім Алматыда Әл-Фараби көшесінің бойында тұрамын, күн сайын элиталық көліктердің зулап жүргенін көреміз, бірақ олардың жауапқа тартылғанын байқамаймыз. 90-жылдардағыдай «мажорлардың» заманы өтті», – деген пікір білдірді. Қазіргі таңда бұл мәселе қоғамда қызу талқыланып, құзырлы органдардан нақты іс-қимылдар күтілуде.