Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Мәжбүрлі неке – енді қылмыс: Тоқаев бірқатар заңға қол қойды

16:06, 16 шілде 2025 246

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Alash.kz.

Аталған заңмен азаматтарды неке қиюға мәжбүрлеу және сталкинг үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Заң аясында Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Қылмыстық-атқару кодекстеріне, сондай-ақ "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодекске, "Жедел-іздестіру қызметі туралы", "Төлемдер мен төлем жүйелері туралы" заңдарға және басқа да бірқатар актілерге өзгерістер енгізілді.

Ақорда таратқан мәліметке сәйкес, заңның бірінші блогы қылмыстық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Екінші блогы – қылмыстық заңнаманы жетілдіру және кейбір қоғамдық қауіпті әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Сонымен қатар, құжат азаматтардың құқықтарын қорғауды, қылмыстық процестегі бәсекелестікті арттыруды және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіруді көздейді.

Бұған дейін хабарланғандай, заң аясында жеке тұлғаға қарсы ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді, өмір бойына бас бостандығынан айыру қолданылмайтын тұлғалар санаты кеңейтілді.

Сталкинг үшін Қылмыстық кодекске жаңа 115-1-бап енгізілді. Бұл бап бойынша 200 АЕК-ке дейін айыппұл, не дәл сол мөлшерде түзету жұмыстары, не 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған.

Неке қиюға мәжбүрлеу үшін де 125-1-бап енгізілді. Бұл бап бойынша зорлық-зомбылықпен, мүлкін бүлдіру немесе жоюмен, бопсалаумен, беделге нұқсан келтіретін мәліметтерді жариялаймын деп қорқыту арқылы неке қиюға мәжбүрлегендер:

  • 2000 АЕК-ке дейін айыппұл;
  • не түзету жұмыстары;
  • не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасына тартылады.

Егер қылмыс зорлықпен, кәмелетке толмағанға қатысты, материалдық тәуелділікті пайдаланып, қызмет бабын асыра пайдаланып, топпен алдын ала сөз байласу арқылы жасалса, онда:

  • 5000 АЕК-ке дейін айыппұл;
  • не 1200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс;
  • не 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы тағайындалады.

Егер аталған іс-әрекеттер ауыр зардаптарға алып келсе, кінәлі тұлға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар