Кино әлемі тағы бір дара талантынан айырылды. Голливудтың аңызға айналған жұлдызы, режиссер Квентин Тарантиноның фильмдеріндегі рөлдерімен жаһанға танылған Майкл Мэдсен 68 жасында өмірден озды, деп хабарлайды Alash.kz. Оның денесі 3 шілде күні таңертең Калифорния штатындағы Малибу қаласында орналасқан жеке резиденциясынан табылған.
Алдын ала ақпарат бойынша, актердің өліміне жүректің тоқтап қалуы себеп болған. Денесінде қандай да бір зорлық белгілері анықталмаған.
Майкл Мэдсен - культтік кинолардың символына айналған актер. Оның мансабындағы ең жарқын рөлдердің бірі Квентин Тарантиноның «Бешеные псы» (Reservoir Dogs) фильміндегі мистер Блонда образы. Ол сонымен қатар «Kill Bill» дилогиясында Будд атты жалдамалы қылмыскердің рөлін шебер сомдап, көрерменнің есінде қалды. Ол «Донни Браско», «Омерзительная восьмёрка», «Бір кездері… Голливудта» сынды ірі жобаларда да бой көрсетіп, кәсіби диапазоны кең әртіс екенін дәлелдеген.