Қазақстандық өнер иесі әрі қоғам белсендісі Жан Ахмадиев әлеуметтік желідегі жазбасында Мадина есімді әйелдің өліміне қатысты істі айтып, Мадиярды қамауға алу мәселесін шешуді талап етті, деп жазды Alash.kz ұлттық порталы.
Оның айтуынша, қорғаушы тарап тергеу барысын заңгерлік командамен бақылап, барлық дәлелдер мен сараптамалардың толық зерттелуін талап етіп отыр.
«Біздің позициямыз анық: Мадиярды қамау мәселесі шешілуі керек! Тергеудің әр қадамын заңгерлік командамен бақылап, барлық дәлел мен сараптаманың толық зерттелуін талап етеміз. Мадинаның өлімі жауапсыз қалмайды. Әділдік үшін соңына дейін барамыз!» – деп жазды Жан Ахмадиев.
Бұған дейін Ахмадиев әлеуметтік желіде Мадинаның өліміне қатысты бірнеше жазба жариялап, істің мән-жайын ашық зерттеуді және күдікті Мадиярға қатысты құқықтық шара қабылдауды көтерген.
Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Меркі ауданында 19 жасында қайтыс болған Мадина Рашидқызының күйеуі – Мадияр Айтмырза. Оқиғадан кейін ол өз үйінде қалып, журналистердің сұрақтарына жауап беруден және түсініктеме беруден бас тартты. Марқұмның құрбылары мен әлеуметтік желідегі мәліметтерге қарағанда, қайғылы жағдайдың алдында ерлі-зайыптылар арасында тұрмыстық жанжал шыққан.