Күйеуін пышақтап өлтірген жүкті әйел алқабилер сотының шешімімен ақталып, сот залынан босатылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Осы жылдың 1 мамырында орын алған қайғылы оқиға кезінде төрт баланың анасы әрі бесіншісіне аяғы ауыр келіншек күйеуінің өзіне опасыздық жасап, бөтен бойжеткенмен түнді бірге өткізгенін біліп қойған. Ер адам бұл әрекетін жасырмай, керісінше жуасыту мақсатында әйелін өзінің іш киімін жууға мәжбүрлеген, ал одан бас тартқан жұбайын аяусыз соққыға жыққан.
Соққыдан соң келіншек көмек сұрап, тәртіп сақшыларына хабарласу үшін көшеге жүгіріп шыққанымен, ол жолыққан адамдардың ешқайсысы оған ұялы телефонын бере қоймаған. Үйіне қайта оралғанда күйеуінің агрессиясы бәсеңдемей, өзіне қайта тап бергендіктен, ол амалсыздан өзін қорғау мақсатында қолына пышақ алып, ер адамға жарақат салған. Алған жарақаты салдарынан оның отағасы оқиға орнында қаза тапты.
Осыдан кейін марқұмның әйеліне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі, яғни «Қасақана адам өлтiру» бабы бойынша ресми айып тағылып, оған 8 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылу қаупі төнді.
Дегенмен, құқық қорғаушылар мен жалпы жұртшылық күтпеген жерден алқабилер соты аяғы ауыр, көпбалалы ананы толықтай кінәсіз деп таныды. Сот оның бұл әрекетке тек өз өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында барғанын бекітті.
Бұл атышулы істің қоғамда кеңінен резонанс алуына «Не молчи» қоғамдық қоры айтарлықтай ықпал етті. Қор белсенділері айыпталушыға жан-жақты қолдау көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдарын бұл сот процесін объективті әрі әділ жариялауға шақырған болатын.