Бразилияда әйел жаңа туған сәбиді ұрламақ болды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ALASH.KZ.
Бразилияда 35 жастағы перзентхана қызметкері жаңа туған нәрестені ұрлауға әрекеттенді деген күдікпен ұсталды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, әйел сәбиді өз баласы ретінде көрсетуді жоспарлаған.
Оқиға 6 шілде күні болған. Демалыс күніне қарамастан, әйел медициналық форма киіп, өзін медбике ретінде таныстырған. Ол жаңа туған сәбидің тәтесіне жақындап, баланы тексеруге апару қажет екенін айтқан.
Нәрестені қолына алған күдікті кейін палаталардың біріне кіріп кеткен. Бірнеше минуттан соң ол сәбисіз, бірақ иығына үлкен қара сөмке асынып шыққан.
Сәбидің туысы күмәнданып, әйелдің соңынан ерген. Ол дәретханаға киім ауыстыру үшін кірген сәтте сөмкені ашып қарап, ішінен өзінің жаңа туған жиенін тапқан. Нәресте бірден анасына қайтарылған.
Полиция күдіктінің үйіне жүргізілген тінту барысында толық жабдықталған балалар бөлмесін – бесік пен жөргек ауыстыратын үстелді анықтаған.
Әйелдің бірге тұратын жігіті оның жүкті екеніне сеніп, екеуі баланың дүниеге келуіне дайындалып жүргенін айтқан. Алайда тергеу барысында күдіктінің шын мәнінде жүкті болмағаны белгілі болды.
Қорғаушы тарап әйелде шизофрения белгілері болуы мүмкін екенін мәлімдегенімен, сот-психиатриялық сараптама бұл болжамды растаған жоқ.
Қазір күдікті қамауда. Оқиғаның барлық мән-жайын тергеушілер анықтап жатыр.