Жетісу облысында 32 жастағы Айзат Жұманованың өліміне қатысты қылмыстық іс қайта сараланды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұған дейін тергеу оқиғаны “абайсызда адам өліміне әкеп соққан ауыр дене жарақатын салу” деп бағалаған болатын. Қайта жүргізілген сот-медициналық сараптама нәтижесінде іс ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы “Адам өлтіру” бабына ауыстырылды.
Оқиға маусым айында болған. Айзат ауыр соққыға жығылған күйде табылып, оны күйеуі ауруханаға жеткізген. Алайда әйел жарты сағаттан кейін көз жұмған. Алғашқы тергеу кезінде полиция “қасақана ниет болмаған, себебі күйеуі өзі медициналық көмекке жүгінген” деген нұсқаны ұстанған.
Дегенмен қосымша сараптама қорытындысы бұл пікірді жоққа шығарды. Мамандардың айтуынша, әйелдің денесінде көптеген көгерулер, сынулар және жыртылған жаралар болған. Сарапшылар жарақаттардың доғал затпен салынғанын және олардың жүйелі түрде соққы беру нәтижесінде пайда болғанын анықтады. “Дене жерге сүйретілген” деген болжам расталмады.
Марқұмның анасы қызының ауыр халде, ес-түссіз күйінде ауруханаға жеткізілгенін айтты. “Қызымды бірден алып келгенде, мүмкін тірі қалар ма еді. Бірақ оны ес-түссіз күйінде ғана әкелген. Сол кезде де бәрін кездейсоқ жағдай ретінде түсіндіруге тырысты”, – деді ол.
Алғашқы сараптама қорытындысы мен тергеу барысы қоғам тарапынан сынға ұшыраған соң, ата-анасы эксгумация жасатып, Алматыда қайта сараптама жүргізуге қол жеткізді.