Ақтөбе полициясы мектеп маңындағы қоқыс жәшігінен табылған мәйітке қатысты қылмыстың бетін ашты. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға бірнеше күн бұрын белгілі болған еді. Жергілікті тұрғындар мектеп маңындағы қоқыс контейнерлерінің қасынан өткір иіс шыққан үлкен торғай көзді сөмкені байқаған. Ішінен ер адамның мәйіті табылған бұл оқиға қала жұртшылығын дүрліктірді.
Полиция департаменті таратқан мәліметке сүйенсек, қылмыстың орын алуына өзара кикілжің себеп болуы мүмкін. Тергеу барысында анықталғандай, оқиға алдында ер адамдар бірге спирттік ішімдік ішкен.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, қылмыс бірге спирттік ішімдік ішу кезінде болған. Ер адамдар арасында жанжал туындап, салдарынан күдікті жәбірленушіге бірнеше жерден пышақ жарақатын салған. Содан кейін ол қылмыс ізін жасыруға әрекеттенген. Тергеу амалдары жалғасуда. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық егжей-тегжейі анықталып жатыр», – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары оқиғаның барлық мән-жайын мұқият тексеруде.