Ресей тергеу комитеті "Крокустағы терактіден" 93 адам мерт болғанын мәлімдеді. Алайда Ресей президенті Путин "Крокустағы" терактіге түсініктеме берген жоқ.
23 наурызда күндіз Ресей қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) жетекшісі Александр Бортников Путинге 11 адам ұсталғанын, төртеуі "Крокус сити холлдағы" терактіге қатысқанын баяндады. Бұл жөнінде Кремльдің баспасөз қызметіне сүйенген ТАСС агенттігі хабарлады.
"База" және "Осторожно, новости" телеграм-арналары кеше "Крокуста" жұртты атып, ізін жасырған адамдар отырған болуы мүмкін деген көлік Брянск облысында тоқтатылғанын жазған болатын. Көліктегі екі адам ұсталған. Ақпарат әзірге ресми түрде расталмады. Ұсталғандардың шабуылға қатысы бар-жоғы белгісіз. Тәжікстан СІМ тәжік азаматтарының шабуылға қатысы барын терістеді.
Губернатордың айтуынша, 115 адам ауруханаға жатқызылған, бесеуі – бала. Кейбірінің жағдайы ауыр. Ресей төтенше жағдай министрлігі зардап шеккендердің тізімін жариялады. Онда 107 адамның аты-жөні бар.