Айтыскер ақын, коуч Айнұр Тұрсынбаева өміріндегі қиын жағдайлар туралы сыр шертті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол бұл туралы Ләйлә Сұлтанқызына берген сұхбатында айтты.
“2016 жылы Меккеге ауыр хәлде жеттім. Ажырасып, көп қарызға баттым. Дәл осы жерде домалап жылап жаттым. “Алла, мені берушілерден қылшы. Саған түк те емес, мені қуанту” дедім. Бірақ дұғам қабыл болады деп ойламадым. Осылай сорлап қаламын деп ойладым”, – деп бастады әңгімесін айтыскер ақын.
Айтыс кезіндегі қиындықтарды да еске алды.
“Кейде жол жүргенде тиын болса да, үнемдейін деп пойызбен жүре беретін едім. Пойызда жолсеріктер танып, тегін шай мен тамақ беріп, мәз қылып қоятын. Бизнес бастайын десем, көк тиын жоқ. Тұрып жатқан пәтерден басқа сататын дымым жоқ. Айтыста қара тізімге кіргізіп тастаған. Қыз ұзатуға 200-300 мыңға шығып жүрдім. Оның өзінде ажырасқансың деп тойға шақырмайтын. Аяқтан тұруыма жеті жыл уақыт кетті. Жеті жылдың ішінде ақша жан-жақтан ағылып келе берді”, – деп жазды коуч-психолог.