Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Конституциялық реформа: «Дала Қырандары» ұсыныстары министрлік деңгейінде талқыланды

12:33, 06 ақпан 2026

Дала Қырандары жастар қоғамдық бірлестігінің штабында Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысуымен дөңгелек үстел форматындағы жұмыс кездесуі өтті, деп хабарлайды Alash.kz

Іс-шара өзара ынтымақтастық туралы қолданыстағы меморандум аясында ұйымдастырылып, елде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаны талқылауға арналды. Кездесу барысында жастар ұйымының өкілдері қоғамдық қызметтегі практикалық тәжірибеге сүйене отырып, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.



Жиынға қатысушылар мемлекеттік нышандарды қорғау бағытындағы қолданыстағы шаралардың жеткіліксіз екенін атап өтіп, Туға, Елтаңбаға және Мемлекеттік Гимнге құрметсіздік таныту фактілері жиілегенін жеткізді.

Бірлестік үйлестірушісі Мейрболат Тоитов «36.1» бағыты бойынша екі жылдық жұмыс нәтижесінде мемлекеттік нышандарға қатысты құрметсіздік жекелеген емес, жүйелі сипат алғанын айтты.

Талқылау барысында Мәди Рымжанов Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабын кеңейту арқылы күшейтуді ұсынды. Оның айтуынша, мемлекеттік нышандарды құрметтеу міндетін және мемлекеттің оларды қорғауды қамтамасыз ету жауапкершілігін конституциялық деңгейде бекіту құқықтық тетіктерді нығайтады.

Ал «Дала Қырандарының» үйлестірушісі Әсет Сұлтанұлы мемлекеттік нышандарға құрмет мектеп табалдырығынан басталуы тиіс екенін атап өтті. Ол бұл нормаларды Конституцияда бекіту халықаралық тәжірибеге сай келетінін айтты.



Ұйым өкілдері Конституцияның 9-бабына мемлекеттік нышандарды құрметтеу мен қорғау нормаларын енгізуді, сондай-ақ мемлекеттің білім беру, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы бағыттағы жұмысты жүйелеу міндетін айқындауды ұсынды.

Өз кезегінде министр Ербол Мырзабосынов қоғамдық ұйымдармен ашық диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде жүргізіліп жатқан реформалар қоғамның белсенді қатысуын талап етеді, ал жастар бастамалары мемлекеттік саясаттың мазмұнын толықтыра түседі.

Кездесуге қатысушылар конституциялық реформа азаматтық қоғамның белсенді қатысуымен жүзеге асуы тиіс екенін атап өтті. Дөңгелек үстел барысында айтылған ұсыныстар ұйымдасқан жастардың ұстанымын мемлекеттік деңгейде жеткізудің маңызды алаңы болды.

Кездесу қорытындысы бойынша «Дала Қырандары» ұсынған бастамалар Конституциялық комиссияның қарауына жолданатын болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар