Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО Халық Әртісі Асанәлі Әшімовтің қазасына байланысты аңыз актермен соңғы мәрте сұхбат құрған журналист жүрек тебірентер жазба қалдырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Танымал тележүргізуші Ғалымжан Кеңшілік Асанәлі Әшімовпен сұхбатқа дайындалғанда қатты қобалжығанын, барынша жоғары деңгейде шығуына тырысқанын айтып, парақшасында тау тұлғаның батасын алған сәтін жариялады.
Ағаның қайтқанын ауыр қабылдадым. Себебі, бұл соңғы сұхбаты болыпты...
Бұл сұхбат өткен жексенбіде жазылды. Әдеттегідей түнгі тікелей эфирде емес, ағаның уақытына ыңғайлап, күндіз таспалап алдық. Көңілді келді, “студияң әдемі екен” деп сүйсініп отырғанда сұхбатты бастап кеттік.
Бүкіл “1001 түн” командасы ерекше дайындалдық. Әсіресе сценарист Нұрлыбек екеуміз қатты уайымдадық. Ағаның өресіне сай, биік болмысын аласартып алмайтын дүние жасауға тырыстық.
Дайын шығарылымды жұма күні эфирге шығардық. Ал кеше суық хабар келді.
Соңғы сұхбаты... Ғасыр адамның ғұмырындағы соңғы сұхбаты деп сақталатын тарихқа лайық болдық па? - деп көп ойландым.
Содан Асанәлі абыздың осы пікірін еске түсіріп, еріксіз толғандым...
Алла алдынан жарылқасын!