Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Командирлер билікті асыра пайдаланды»: Өскемендегі әскер қазасы туралы тың дерек мәлім болды

11:42, 23 сәуір 2026

Осы жылдың басында Өскемен гарнизонында қаза тапқан әскери қызметші Қ. Оспановтың өліміне қатысты тергеу амалдары толық аяқталып, материалдар сот қарауына жолданды, деп жазады Alash.kz.

Әскери прокуратура өкілдері жүргізілген тексеріс нәтижесінде сарбаздың өліміне тікелей қатысы бар деген күдікпен батальон және взвод командирлерінің үстінен іс қозғады. Тергеу барысында әскери бөлімдегі жарғыдан тыс қарым-қатынастар мен командирлер тарапынан көрсетілген психологиялық қысым фактілері расталды.

Айыптау актісіне сәйкес, күдіктілерге лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау айыптары тағылып отыр. Атап айтқанда, взвод командирі қару-жарақтың сақталу тәртібін бақыламаған, бұл жағдай қайғылы оқиғаның орын алуына себеп болған факторлардың бірі ретінде қарастырылуда. Қазіргі уақытта іс материалдары сотта зерделеніп, айыпталушылардың кінәсі мен жаза мерзімі алдағы отырыстарда анықталмақ.

Әскери прокуратура өкілдері бұл оқиға бойынша қабылданған шаралар туралы:

«Биылғы жылдың қаңтар айында қаза тапқан әскери қызметші Қ. Оспановтың өліміне қатысты тергеу жұмыстары аяқталды. Аталған факті бойынша батальон және взвод командирлеріне билікті асыра пайдаланды және салғырттық танытты деген айып тағылып, іс сотқа жіберілді», – деп мәлімдеді. 

Сондай-ақ қадағалау органы мұндай қылмыстарды тергеу мен алдын алу шараларының бұдан былай қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.

Қайғылы жағдайдан кейін әскери бөлімде ауқымды кадрлық өзгерістер орын алды. Бөлім командирі мен оның екі орынбасары атқарып отырған қызметтерінен босатылса, тағы тоғыз жауапты тұлға қатаң тәртіптік жазаға тартылды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар