Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Көк ешкі мен Сара Назарбаева туралы әңгіме

12:40, 29 сәуір 2024 456

Жуырда әлеуметтік желіні ақтарып отырып, ауыл шаруашылығы саласының маманы, блогер Кирилл Павловтың «Казахский чуваш» телеграм каналынан қызық нәрсе оқыдым деп жазыпты nege.kz.

alash.kz К.Павлов бүй деп жазады дейді: «Ауыл шаруашылығымен айналысып жүргенде өзім жұмыс істейтін агрохолдинг президенттің (экс-президенттің – ред.) №5 резиденциясындағы жануарларға қызмет көрсететін. Ол резиденцияда сол кезде «мемлекеттің негізін қалаушының» бірінші әйелі ешкілерін ұстайтын. Кәдімгі сүт беретін қарапайым ешкілер. Солардың арасында бір кәрі көк Ешкі бар еді. Егер сурет салатын талантым болса, түннің бір уағында оятса да, әлгі ешкіні айнытпай салып берер едім. Әсіресе, өлгеннен кейінгі аянышты түрін. Ретімен баяндайын.

Бас зоотехник аптасына бір рет барып көк Ешкіні тексереді, жем-шөбін қарап жүретін. Қызметім көтеріліп, директордың міндетін атқарушы болып жүргенімде бір күні завхоз Петрович (шартты түрде солай деп атайық) келді. Петрович – бөлек тұлға, жастайынан мемлекет басшыларын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз еткен, тіпті Брежневке де арнайы фермадан ет жеткізіп берген адам. Петровичтің жасы келіп қалса да, өте белсенді.

– Құтқара гөр, сенен басқа ешкім көмектесе алмайды! Шарам таусылды, қан қысымым көтеріліп, қантым түсіп кетті, жүйкем сыр бере бастады! Үш күн бұрын көк Ешкі туа алмай өліп қалды. Бәрінің мазасы қашты, таңғы жетіден бастап бәрімізді кіре беріске жинап алып, екі сағат бойы террор жасайды. «Ешкімді қораға тығып қойып, басқа ешкінің өлексесін көрсеттіңдер», – дейді бізге.

– Өлмегенде ше, кәрі еді ғой. Ешкіні айтам...

– Білем. Оған қалай түсіндіресің? Қысқасы, көмектес бауырым!

Петрович қатты алаңдап тұр. Көмектесу керек. Келесі күні екі зоотехниктің қолына өлген ешкінің фотосын ұстатып, дәл сондайын табу үшін аудандарға жібердік. Ұқсас буаз ешкі немесе жақында ғана туғанын табу қиынға соқты. Ұқсастары болды, бірақ анау сияқты кеудесінде ақтаңдағы жоқ, бір құлағы бөлек немесе лағы есейіп кеткен.

Бір аптадан соң Алматы облысында ешкінің бағасы екі есеге өсті. Тағы бір аптада үш есеге көтерілді. Өлгенде әрең көк Ешкіге қатты ұқсайтын бірін таптық-ау, әйтеуір. Сонау Нарынқолдың бір түпкірінен, Алматыдан 500 шақырым жерден!

Ертесі күні-ақ телефондағы уатсабым резиденция қызметкерлерінің алғысынан қайнап кетті. Таңғы террор тоқтапты. Сара Алпысқызының көңілі тоқ екен, бәрін кешірген. Дәстүр бойынша таңғы жетіде қызметкерлерді кіре беріске тізіп қойып, екі апта бойы көк Ешкі мен оның лағын көрсетпесе де, тіпті оны ұрлап кетпек болғандарын да кешіретінін мәлімдепті.

– Әлдебір өлген ешкіні көрсетіп, мені алдағыларың келді. Ал менің көк Ешкім сол уақытта қорада туып жатыпты, – депті.

Нәтижесінде бәрі разы болды: қызметкерлердің құлағы тынышталды, Сара Алпысқызының жаңадан кәрі көк Ешкісі пайда болды, Петровичтің қан қысымы мен қанты тұрақтанды. Жағдай қалыпқа түсті.

Өз шындығыңды өзің жасаған қашанда тамаша ғой. Тек бір нәрсе ғана маған белгісіз: Апамыз бала күніндегідей Ешкісімен әрдайым бірге болуы үшін әлгіндей әрекеттерді қанша мәрте қайталады екен? Өйткені ешкілер адам сияқты ұзақ өмір сүрмейді ғой».

Осы қызық оқиға туралы оқығанда Нарынқолдың төріндегі Шалкөдені жайлайтын аңшы досым еске түсті. Қан жайлауда көк ешкілерінің бірін көкпаршыларға бақыртып бауыздап беріп жатып: «Бір жылдары ешкі де пұл болған, әкең...», – деп қалғаны бар.

Кім білсін, оның көк ешкілердің бірі тұқым-тұқиянымен Сара Алпысқызына қызмет етуі мүмкін ғой! Бәлкім, әлі де қорасында жүрген шығар?

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар