Қазақстанда әзірленіп жатқан жаңа заң жобасы аясында жеңіл қылмыс жасағандар мен заңды алғаш рет бұзған жекелеген санаттағы азаматтарға қылмыстық және әкімшілік амнистия жариялау жоспарлануда, деп хабарлайды Alash.kz.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Парламент Мәжілісінің депутаттары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, рақымшылық жасау туралы арнайы құжатты дайындау үстінде. Бұл бастама негізінен қоғамға үлкен қауіп төндірмейтін теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстық істерге қатысы бар тұлғаларды қамтиды. Сондай-ақ, заң бұзушылық деңгейі ауырлығы орташа деп танылған сотталғандар да бұл тізімге ілігуі мүмкін, бірақ ол үшін жасалған материалдық немесе моральдық шығынның толық өтелуі басты талап ретінде қойылады.
Сонымен қатар, жазасын өтеп жатқан кейбір азаматтардың іс-әрекеті мен түзелу деңгейіне қарай олардың бас бостандығынан айыру мерзімдерін қысқарту жағы да қарастырылып жатыр. Ерекше айта кететін жайт, еліміз егемендік алғалы бері тарихта тұңғыш рет әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша да амнистия жариялау көзделуде.