Астанада 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болу ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында «Астана Технадзор» компаниясының сарапшысы Дмитрий Воробьев сөз сөйлеп, Тәуелсіздік даңғылындағы №24Б үйдің қасбеті не себепті құлағанын және неліктен бұл қайғылы жағдай құрылыстағы ұзақ жылғы шикіліктердің салдары екенін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Дмитрий Воробьевтің айтуынша, оның компаниясының мамандары оқиға болған күні, яғни 2025 жылдың 8 қарашасында кешке Алматы ауданы әкімі аппаратының шақыруымен нысанға бірден жеткен. Мамандардың басты міндеті — ғимараттың әрі қарай бұзылу қаупі бар-жоғын анықтау еді.
«Алғашқы оқиға болған күні кешке Алматы ауданы әкімі аппаратының бастамасымен жүзеге асырылды. Бұрын-соңды жүргізілген алдын ала тексеру аясында алғашқы қорытынды жасалып, кейіннен ол толықтырылды. Үзіліспен бақыланатын бақылау гипс маяктары орнатылды. Процестің тұрақтанбағаны және әрі қарай құлаудың нақты қаупі бар екені анықталды», — деді сарапшы Дмитрий Воробьев.
Осыдан кейін әкімдік өкілдері, үй тұрғындары мен ТЖ мамандары қауіпті аймақты қоршауға алып, сақтандыру торларын орнатқан.
Толыққанды тексеру жүргізген сарапшылар маңызды қорытындыға келді: қасбеттің құлауы кенеттен болған кездейсоқтық емес, мәселе жылдар бойы қордаланған. Бұған дейін сотта үй қабаттарының көбейтілуі құлауға әсер етті деген нұсқа айтылған болатын. Алайда сарапшы бұл пікірмен келіспейді.
«Құлау бірнеше факторлардың жиынтық әсерінің нәтижесі болды. Соның ішінде біз басты себеп ретінде өте сапасыз құрылысты есептейміз. Астанада толықтай кірпіштен қаланған, қаңқасыз схемамен салынған биік тұрғын үй кешендері өте көп. Олар өте жақсы жұмыс істеп тұр, онда мұндай мәселелер жоқ», — деп атап өтті Воробьев.
Сарапшы құрылыс кезіндегі ең сорақы қателікті ашып көрсетті. Оның айтуынша, қасбеттің сыртқы қаптамасы ішкі көтергіш қабырғамен мүлдем бекітілмеген.
«Екінші өте салмақты мәселе – толыққанды байламның (перевязка) болмауы. Салдарынан, бізде қаптамадан жасалған, ішкі көтергіш қабатпен толық байланыспаған өте биік тік қабырға пайда болған. Бос тұрған қаптама қабырғасы тиісті деңгейде бекітілмегендіктен, дұрыс ерітінді болмағандықтан, қалау қабаттары арасындағы саңылаулар біртіндеп өсіп, осы бұзылу орын алды», — деп түсіндірді маман.
Бұл ретте сарапшы бұл конструкцияның қашан құлайтынын арнайы білімі жоқ адамдардың, яғни қарапайым тұрғындар мен МҮК (ОСИ) басшысының алдын ала болжауы мүмкін емес болғанын баса айтты.
«Қайсыбір сәтте жағдайды уақытында бақылап, бұл қашан болатынын айту мүмкін емес еді, әсіресе мамандар үшін емес. Иә, жағдай дәл осылай ушықты. Сондықтан ол осындай салдарға әкелді. 2017 жылы техсараптама нәтижелерін алғаннан кейін мамандарға жүгініп, дефектердің себептерін анықтап, содан кейін ғана нақты шаралар туралы айту керек еді», — деді сарапшы прокурордың сұрағына жауап бере отырып.
Бұған дейінгі отырыста құрылыс маманы Вероника Лабаева үйдің жобасы басында 5 қабатқа лайықталып, кейін 9 қабат пен техникалық қабатқа дейін өсірілгенін, бұл конструкцияға қосымша жүктеме түсіргенін айтқан. Сонымен қатар, ол кондиционер бекіткішінің дефектісі мен кірпіш қалаудың бұзылуы екі бөлек мәселе екенін жеткізді.
Сотта жауап берген МҮК төрағасы Сәуле Жұбаниязова бұл қызметті оқиғаға дейін бірнеше ай бұрын ғана қабылдағанын, бұрынғы төраға Гүлжауһар Ахметовадан үйді жақсы жағдайда деп қабылдап алғанын айтып, өз кінәсін мойындамай отыр. Ол 2017 жылғы техникалық сараптаманы бұған дейін көрмегенін хабарлады. Қорғаушы тарап Жұбаниязованың Ахметовамен оқиғадан бір күн бұрын (7 қараша 2025 жыл) шатыр жайында жазысқан хаттарын сотқа ұсынғанымен, түпнұсқасы болмағандықтан сот іске әлі қоспады.
Айта кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында болды. Алдымен қасбет өтіп бара жатқандардың үстіне құлап, артынша шақыртумен келген жедел жәрдем бригадасының үстіне екінші рет қайта құлаған. Салдарынан фельдшерлер Ұлдана Мырзуан мен Дильназ Байзакова үйінді астында қалды. Ұлдана ауыр ашық бас-ми жарақатымен ауруханаға түсіп, 10 күннен кейін көз жұмды.
Қазіргі таңда сотта МҮК төрағасы Сәуле Жұбаниязова адам өліміне әкеп соқтырған салғырттығы үшін айыпталып жатыр.