Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Арықтау үшін ота жасатқан»: Қарағандылық ер адамның өліміне қатысты күдікті жайт белгілі болды

17:10, 09 қыркүйек 2026

Қарағандыда жеке клиникалардың бірінде асқазанды кішірейту (бариатриялық) операциясы үстінде көз жұмған 35 жастағы Вячеслав Ермоловтың ісі әлі де сотқа жолданбаған. Марқұмның жақындары созылып кеткен тергеу амалдарына наразылық білдіруде, деп хабарлайды Alash.kz.

Марқұмның әйелі Кристина Ермолованың айтуынша, бұл оқиға бойынша бірнеше мәрте арнайы комиссиялық тексерістер мен сот-медициналық сараптамалар жүргізілген.

«Бір емес, бірнеше комиссия болды. Қазірдің өзінде қағаз жүзінде клиниканың кінәлі екені жазылған. Бұл мәселе неге шешілмей жатқанын түсінбеймін», — деді марқұмның жубайы Кристина Ермолова.

Ресми тексеру қорытындыларына сәйкес, клиника тарапынан бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталған. Пациент операция алдында толық медициналық тексеруден өткізілмей, қажетті мамандардың кеңесі қамтамасыз етілмеген. Сондай-ақ анестезиолог-реаниматологтар тарапынан қателіктер жіберіліп, операцияны жүргізген хирургтің бариатриялық хирургия бойынша тиісті біліктілік сертификаты болмай шыққан. Мәйітті зерттеу барысында интубацияның дұрыс жасалмауы салдарынан гипоксия мен ми ісінуі дамығаны белгілі болған.

Кейін іс аясында мәйітті эксгумациялау арқылы қайта сараптама жүргізіліп, екі бірдей дәрігердің әрекеті мен орын алған өлім арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екені толық дәлелденген. Алайда, осы даусыз айғақтарға қарамастан, іс сотқа жетпей іркіліп тұр.

Марқұмның туыстары екі жылға жуық уақыт бойы әділдікке қол жеткізе алмай жүргендеріне алаңдаушылық білдіріп, кінәлілердің жазалануын сұрайды:

«Екі жылға жуық уақыт өтті, бірақ әлі күнге дейін ешқандай шешім жоқ. Іс бірде тоқтатылады, бірде қайта жандандырылады. Кінәлілердің жазаланғанын қалаймыз», — деді зарыққан жесір.

Өз кезегінде Қарағанды облысы Полиция департаменті аталған қылмыстық істің Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу дерегі бойынша тергеліп жатқанын хабарлады. Тәртіп сақшылары тергеу толық аяқталған соң материалдар сотқа жолданатынын мәлімдегенімен, нақты мерзімді атаған жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар