Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Адам емес пе? Қиналған... Құлаған»: Әскерден балдақпен оралған сарбаздың анасы жанайқайын айтты

12:12, 10 қыркүйек 2026

Түркістан облысы Келес ауданының 19 жастағы тұрғыны Бақытжан Өмит әскерге өз еркімен аттанғанымен, 10 айдан соң үйіне балдаққа сүйеніп оралды. Сарбаздың анасы Сәуле Қуандықова Отан алдындағы борышын өтеп жүрген баласының дертке шалдығуына әскери бөлімдегі жауаптылардың немқұрайлылығы себеп болғанын айтты, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Сарыағаштағы медицина колледжінің 2-курс студенті болған Бақытжан былтырғы қарашада әскерге кеткен. Әскери комиссариат оның денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ деп танып, Қапшағайдағы 58012 әскери бөліміне жіберген. Алайда арада екі ай өткенде сарбаздың денсаулығы сыр бере бастайды. Әскери бөлімдегілерге жағдайын айтып шағымданғанымен, дәрігерлер «бәрі дұрыс» деп қайтарып жіберген.

«Жүрсем болды аяғым қақсатады. Аяғымды ақсаңдап басатын болдым. Оны айттым. Сосын бір рет апарып көрсетті. Ол кезде бәрі дұрыс деді. Сосын әрі қарай шолтаңдап басып жүре бердім аяғымды. Оларға айтам. Олар дым істемейді. Сомен жүре бердім. (...) Ол жақта амал жоқ. Қанша айтсаң да, қолыңнан дым келмейді. Шыдап жүре бересің, қанша ауырса да. Өйткені сен сарбазсың», — дейді Бақытжан Өмит.

Қапшағайда 4,5 ай болған сарбаз кейін Семейге ауыстырылған. Семейдегі дәрігерлер оның жағдайын көріп, бірден госпитальға жібереді. Одан кейін бойжеткеннің ұлы Астанада екі ай жатқанымен, онда да ешқандай тиісті ем жүргізілмегенін айтады. Ақыры 10 айдан соң сарбаз «әскери қызметке жарамсыз» деген қағазбен үйіне қайтарылған.

Үш аптадан бері жанын қоярға жер таппай жүрген анасы Сәуле Қуандықова әскери командирлерге бастапқыда-ақ ескерткенін, бірақ ешкім құлақ аспағанын жеткізді.

«Сарбазды адам орнына көрмеген бұлар. Қанша қиналған, құлаған. Сонда бұл адам емес пе? Әскерде ешқандай балаға жауап бермейді бұлар денсаулығына. Сап-сау баламды әкетті де, ақырында ауру болғаннан кейін бар, өзің емдет дегендей қылып әкеп тастап отыр. Мен келген кезде шок болып қалдым. Баламды енді қазір сүйретіп жүрмін. Бұл жаққа келіп, дәрігерге көрінейін десем, сақтандыруы да жоқ болып қалған ғой бұның. Жұмыссыздыққа тіркейін десем, бұның денсаулығы да жарамайды. Оны төлем салайын десем, не төлей алмай, не дәрі-дәрмегін ала алмай отырмын», — деді анасы.

Ал ҚР Қорғаныс министрлігі Бас әскери-клиникалық госпиталі Травматология бөлімінің басшысы бұл айыптаулармен келіспей, сарбазға медициналық көмек толық көлемде көрсетілгенін мәлімдеді.

«Жергілікті атқарушы орган құрған медициналық комиссияның қорытындысымен ол әскери қызметке жарамды деп танылған. Әскери қызмет барысында шағымдар пайда болғаннан кейін жан-жақты тексеру барысында буындардың туа біткен патологиясымен қатар несеп шығару жүйесінің қосымша аурулары анықталды. Анықталған аурулардың жиынтығы бойынша ол әскери-дәрігерлік комиссияға ұсынылып, әскери қызметке жарамсыз деп танылды және кейіннен берілген тәртіппен денсаулық жағдайына байланысты әскери қызметтен босатылды», — деп жауап берді госпиталь өкілі.

Қазіргі таңда 19 жастағы Бақытжан Өмит өздігінен жүре алмай, балдаққа сүйеніп отыр. Медициналық сақтандыруы болмағандықтан, ауруханалар да оны қабылдамай отырған көрінеді. Анасы баласының денсаулығына немқұрайлы қарағандардың жауапқа тартылуын талап етуде.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар