Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы Тимур Сүлейменов еліміздегі валюта нарығындағы жағдайға қатысты өз болжамын білдіріп, теңге бағамын тұрақтандырып тұрған негізгі себептерді ашып көрсетті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ба басшысының сөзінше, ұлттық валютаның нығаюына, ең алдымен, сыртқы нарықтағы қолайлы конъюнктура тікелей ықпал етіп отыр. Қазіргі уақытта Иран мен Парсы шығанағындағы геосаяси шиеленістерге байланысты қара алтын бағасы барреліне шамамен 100 доллар деңгейінде тұрақталған. Мұнай құнының жоғары болуы елімізге түсетін экспорттық валюталық түсімді айтарлықтай арттырады. Ішкі нарыққа шетелдік валютаның мол келуі доллар ұсынысын көбейтіп, оның теңгеге шаққандағы бағамын төмендетуге жағдай жасап отыр.
Бұдан бөлек, металлургия саласындағы экспорттаушы компаниялардың түсімі де ұлттық валютаға үлкен қолдау көрсетуде. Қара және түсті металдар нарығындағы тиімді бағалар экспорт көлемінің артуына оң ықпалын тигізді. Теңге бағамын бекіте түскен тағы бір маңызды фактор - шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына деген қызығушылығының өсуі. Қазіргі таңда мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының шамамен 7–7,5 пайызы бейрезиденттердің үлесінде.
Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы нарықтағы оң өзгерістерге қандай да бір жасырын немесе күмәнді операциялардың қатысы бар деген күдіктерді толықтай жоққа шығарды. Ол сыртқы факторлар мен әлемдік нарықтағы жағдай күрт өзгермесе, алдағы уақытта теңге бағамында күтпеген немесе шұғыл ауытқулар орын алмайтынын атап өтті.
Айта кетейік, күндізгі сауда қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 454,46 теңгені құрап, алдыңғы көрсеткіштен 0,19 теңгеге сәл өскен болатын. Ал Ұлттық банктің 8 қыркүйекке белгілеген ресми бағамы 1 доллар үшін 454,31 теңге деңгейінде тіркелді.