Ата-анасына «мені іздемеңіздер» деген шошытарлық жазба қалдырған тоғыз жасар оқушының жоғалып кетуіне байланысты отбасы шұғыл түрде полицияға хабарласты, деп хабарлайды Alash.kz.
Басында ата-анасы мектептен уақытында оралмаған баласын өз бетінше іздеуге тырысқанымен, одан еш нәтиже шықпаған. Тек үйдегі оқушы қалдырып кеткен хатты тапқан соң, отбасы мүшелері есеңгіреп қалды.
Жас оқушы хатында ата-анасына мынадай сөз қалдырған:
«Мама, папа, мені іздемеңіздер, мен түбі бір ораламын», - деп жазған ол.
Осыдан кейін анасы кідірместен құқық қорғау органдарына қоңырау шалып, оқиға орнына жедел түрде полиция қызметкерлері келіп жеткен. Тәртіп сақшылары шұғыл іздеу шараларына кірісті.
Алайда, арада небәрі он минут өткенде күтпеген жағдай болды. Баланың өзі аман-есен табылды. Белгілі болғандай, оқушы үйінің жанындағы қораға жасырынып, сол жерде ұйықтап қалған екен. Ол тек полиция көліктерінің сирена дауысынан соң оянған.