Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ұлттық мәдени ерекшелікті сақтаудың бір тетігі»: Ерлан Сайыр Құрылтайда маңызды мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

11:58, 10 қыркүйек 2026

Бүгінгі Құрылтай отырысында «Әділет» фракциясының депутаты Ерлан Сайыр Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Alash.kz.

Депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мұраны сақтау және сәлемдесу әдебін жаңғырту туралы бастамасын негізге ала отырып, амандасу мәдениетін ұзақ мерзімді мемлекеттік саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынды.

Депутат өз сауалында ұлттық мәдениеттің терең маңызына тоқталып өтті:

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Басты міндет халқымыздың баға жетпес қазынасы ұлттық мұраны» сақтау деп атап өтті! Мемлекет Басшысының амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға сай дамыту мәселесін көтеруі де осы саясаттың нақты көрінісі. Ел үшін мәдениет – концерт, театр немесе музеймен ғана шектелмейді. Мәдениет – адамның күнделікті мінез-құлқынан, жүріс-тұрысынан, қоғамдағы әдебінен көрінетін өмір салты. Осы тұрғыда амандасу мәдениеті – ұлттық бірегейліктің ең қарапайым әрі ең көрнекті элементінің бірі. Әлем халықтарының тәжірибесіне қарасақ, сәлемдесу рәсімі олардың ұлттық болмысының көрсеткіші. Жаһандану жағдайында әр халықтың өзіндік амандасу мәдениетін сақтау – ұлттық мәдени ерекшелікті сақтаудың бір тетігі. Қазақ қоғамында да амандасудың өзіндік қалыптасқан жүйесі болған. Бұл дәстүрлердің астарында үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, ағайын арасындағы байланысты сақтау сияқты құндылықтар жатыр. Қазақ сәлемдесуінің басты ерекшелігі ұстамдылық. Сәлемдесу – сол мәдени кодтың ең қарапайым, бірақ ең терең белгілерінің бірі. Ал мәдени код үлкен ұрандардан емес, күнделікті әдеттен басталады. Сондықтан бұл мәселені бір реттік акция немесе тәрбие жұмысы ретінде емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын ұзақ мерзімді мемлекеттік мәдени саясаттың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынамыз», — деді Ерлан Сайыр.

Осыған байланысты халық қалаулысы жауапты министрліктердің алдына бірқатар нақты міндеттер қойды:

«Осыған байланысты:

  1. Амандасу әдебін ұлттық құндылықтарға негізделген әлеуметтік норма ретінде қалыптастырудың нақты әдістемелік ұсынымдарын дайындауды;

  2. Мектептерде амандасу әдебін күнделікті тәрбие жұмысының тұрақты элементі ретінде енгізуді;

  3. Сынып сағаттары, мектеп ережелері, тәлімгерлік, ата-анамен жұмыс, педагогтердің жеке үлгісі және мектептің күнделікті мәдени ортасы арқылы амандасу әдебін орнықтыру тетіктерін қарастыруды;

  4. Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру жүйелерімен бірлесіп, ұлттық әдеп нормаларын заманауи тәрбие жұмысының мазмұнына енгізу жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді сұраймыз», — деп түйіндеді депутат.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар