Әнші Жазира Байырбекова желідегі парақшасында жазба жариялап, қоғамдағы қыз баланың рөліне тоқталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесі қазақ халқы қашан да қыз баланы ерекше құрметтегенін айтты.
Жазира Байырбекова қыздың қадірі тұрмысқа шыққан соң емес, дүниеге келген күннен биік болуы керек екенін жеткізді.
«Қыз – елдің болашағы. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ардақты жар, аяулы әже, бір әулеттің берекесін кіргізер шаңырақтың ұйытқысы. «Қыздың жолы жіңішке» дейді халқымыз. Қыз баланың тәрбиесі мен қадірі – бір отбасының емес, тұтас ұлттың тәрбиесі. Өйткені отбасының берекесі әйелден басталып, баланың тәрбиесі анадан қалыптасады. Қыз баланы төрге шығарып, «қонақ» деп емес, сол үйдің гүлі, жүрегі, бақыты деп қадірлеген қазақпыз. Қыздың қадірі – тұрмысқа шыққан соң емес, дүниеге келген күннен биік болуы керек. Ертеңгі жар болар қызды бүгіннен құрметтеу – ертеңгі ананы, болашақ әулетті құрметтеу. Қыз қадірленген үйде береке бар. Анасы ардақталған үйде тәрбие бар. Әйелі сыйланған шаңырақта бақыт бар. Сондықтан қыз баланың қадірі қашанда биік болсын!» - деп жазды әнші.