Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“5 министрлікпен тікелей жұмыс істейміз”: Асхат Аймағамбетовке тағы бір қызмет жүктелді

18:00, 09 қыркүйек 2026

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов желідегі парақшасында жазба жариялап,  Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің алдағы жұмыс бағыттарына тоқталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Асхат Аймағамбетов Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы болып сайланды. 

«Құрылтайда Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің құрамында жұмыс істеймін. Бұл комитеттің жұмыс аясы өте кең. Мектепке дейінгі, орта және кәсіптік білім, денсаулық сақтау, мәдениет пен ақпарат, спорт, жастар саясаты, еңбек және әлеуметтік қорғау салалары осы комитеттің құзыретіне кіреді. Яғни бес министрлікпен тікелей жұмыс істейміз», – деп жазды депутат.

Оның айтуынша, комитет Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған және партия бағдарламасында бекітілген міндеттер бойынша жұмысын бастап кеткен.

«Алдымызда кітапхана ісі мен кітап шығару, қолөнер қызметі, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың ата-аналары үшін «бір терезе» жүйесін құру, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, онлайн-платформалар мен масс-медиа, материалдық емес мәдени мұра және көші-қон мәселелері бойынша заңнамалық жұмыстар бар. Бірқатары бойынша жұмыс қазірдің өзінде басталып кетті», – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат қоғамдық маңызы бар өзге де әлеуметтік мәселелер комитет назарында болатынын жеткізді.

«Сонымен қатар жастардың психикалық денсаулығын қорғау жүйесін жаңарту, мүгедектігі бар адамдардың мәселелері, ауыл дәрігері, ауыл мұғалімін және мамандарды ауылда ұстап қалу тетіктерін күшейту, зорлық-зомбылықтың алдын алу, МӘМС жүйесіндегі түсініксіз әрі шешімін қажет ететін мәселелер де назарымызда болады», – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар жаңа Конституцияға сәйкес осы салалардағы заңнаманы бейімдеу жұмысы да алда тұр.

«Жасанды интеллектіні әлеуметтік салаларда тиімді, қауіпсіз әрі этикалық қолдануға арналған құқықтық нормаларды қалыптастыру да маңызды бағыттардың бірі болады», – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов азаматтарды осы салалардағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарды жолдауға шақырды.

«Бұл тізім түпкілікті емес. Егер осы салаларда нақты мәселе, ұсыныс немесе заңнамада шешуді қажет ететін түйткіл болса, жазыңыз. Көп жағдайда жақсы заң нақты өмірдегі проблеманы дұрыс түсінуден басталады», – деп қорытындылады ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар