Семейде жаңа туған нәрестені қоқыс контейнеріне лақтырып кеткен бұрынғы полиция қызметкерлеріне қатысты сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Абай облыстық Полиция департаменті қоқыс жәшігінен шақалақтың өлі денесі табылғанын мәлімдеген болатын. Көп ұзамай бұл қылмысқа күдікті ретінде сәбидің 20 жастағы анасы мен оның азаматтық некедегі жолдасы ұсталды.
Іс материалдарына сәйкес, бойжеткен жүктілігін сүйіктісінен жасырып келген. Алайда, түнгі уақытта толғағы ұстап, пәтердегі әжетханада ешкімге білдіртпей босанған. Сәби дәретхана тесігіне түсіп кеткен соң, ол жігітіне хабарласып, көмекке шақырады. Жетіп келген ер адам нәрестені алып, сүлгіге ораған күйі қақаған аязда көшедегі қоқыс жәшігіне лақтырып кеткен. Шақалақ сол түні үсіп қайтыс болды.
Сот залында мемлекеттік айыптаушы сотталушы қызға екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын кесуді, кейін амнистия заңына сәйкес оны жаза өтеуден босатуды сұрады. Ал нәрестені қоқысқа тастаған ер адамға қатысты прокурор өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруді өтінді. Бұдан бөлек, мемлекеттік айыптаушы қос күдіктіні де полиция шендерінен айыруды талап етті.
Өз кезегінде айыпталушылардың қорғаушы тарапы істі «абайсызда қазаға ұшырату» бабына қайта саралауды өтінсе, сотталушылардың өздері тағылған айыппен келіспей, соттан толық ақтауды сұрап отыр.