Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Сүйінші сұраймыз! Тынымсыз еңбектің нәтижесі”: Нартай Аралбайұлы қуанышты жаңалығын бөлісті (ВИДЕО)

21:00, 09 қыркүйек 2026

VIII шақырылым Мәжіліс депутаты, Республикалық Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Нартай Аралбайұлы желідегі парақшасында қуанышты жаңалығын бөлісті, деп хабарлайды Alash.kz.

Оның айтуынша, дәстүрлі садақ атудың тас дәуірінен бергі тарихын қамтитын «Тас дәуірінен тартылған жебе» атты электронды кітап жарық көрген.

Еңбекті дайындау жұмысы бір жылға жуық уақытқа созылған.

«Ұлттық спортты ұлықтайтын, мергендікті мұқым елге дәріптейтін электронды кітабымыз жарыққа шықты. 1 жылға жуық еткен тынымсыз еңбектің нәтижесін көріп, көпшілікке көрсетіп төбеміз көкке жетті!

Дәстүрлі садақ атудың тарихын тас дәуірінен бастап таратқан электронды кітабымызды енді әлемнің кез келген нүктесінен ашып оқуға болады. Дәстүрлі садақ атудың өткені, бүгіні, болашағы бәрі бар ішінде. Дәстүрлі садақ атудың тарихы, жыр-дастандардағы мергендік туралы жазбалар, садақтың түрлері, жебенің түрлері, нысаналар мен ережелер, ұлттық құндылық, спорттық негіздеме барлығы толық қамтылды!», – деді ол.

Федерация президенті жаңа еңбектің VI Көшпенділер ойындарында таныстырылғанын да айтты.

Оның сөзінше, кітапты халықаралық додаға апарып, садақшыларға таныстыру ерекше әсер қалдырған.

«“Тас дәуірінен тартылған жебе” электронды кітабымызды VI Көшпенділер ойындарына апарғанымыз, сол жерде садақшыларға таныстырғанымыз тіпті тебірентерлік жағдай болды. Бұл еңбек ҚАЗАҚ – АҒЫЛШЫН тілдерінде жазылды, жарық көрді!»

Нартай Аралбайұлы еңбекті жазу туралы ұсынысты қолдап, жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткен Берік Әбдіғалиұлына ризашылығын жеткізді.

Оның айтуынша, еңбек ғалымдардан құралған ғылыми топтың жұмысы нәтижесінде дайындалған.

«“Тас дәуірінен тартылған жебе” еңбегін жазу туралы ұсынысымызды бірден қолдаған, ғалымдардан ғылыми топ құрып, тынымсыз еңбектің арқасында осындай теңдессіз туындыны дайындаған Ұлттық музей ұжымына ерекше алғыс білдіремін. Ұлтжанды азамат Берік Әбдіғалиұлына қолдауы үшін дәстүрлі садақшылардың атынан құрметімді білдіремін! Бұл Ұлттық спорт үшін жасалған үлкен жұмыс болды.

Ұлттық спортты қолдайық, Дәстүрлі садақшыларға жанкүйер болайық! Қазақтың көк туы көкте желбіресін! Электронды кітапты QR-код арқылы ашып көре аласыз», – деп жазды ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар