Ақтөбе облысының Қобда ауылында жер үйден өрт шығып, 21 жастағы бойжеткен көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқыс оқиға 8 қыркүйек күні Ақтөбе облысына қарасты Қобда ауданының Қобда ауылында, Щербаков көшесінде орналасқан жеке үйлердің бірінде орын алды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, тілсіз жау үйдің ішкі бөлмесі мен шатырын шарпыған.
Оқиға орнында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері, жедел медициналық жәрдем және полиция бригадалары шұғыл жұмыс жүргізді.
Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері оқиға бойынша төмендегідей ресми мәлімдеме жасады:
«Өрттің аумағы 96 шаршы метрді құрады. Өрт салдарынан бір адам қаза тапты. Өрт толықтай сөндірілді. Оқиға орнында Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері, жедел медициналық жәрдем және полиция бригадалары жұмыс істеді», — деп хабарлады ТЖ қызметкерлері.
Қазіргі таңда тілсіз жаудың шығу себептері мен қайғылы жағдайдың толық мән-жайын анықтау мақсатында арнайы тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.