Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Ақталып шыққан»: Талғарда 16 жасар оқушыға зорлық қылған 4 жігіт туралы ел күтпеген дерек шықты

10:59, 10 қыркүйек 2026

Кәмелетке толмаған бойжеткенге қатысты жасалған топтық зорлық-зомбылық ісі бойынша кезекті сот отырысы 2026 жылдың 10 қыркүйегінде Алматы облыстық сотында өтеді, деп хабарлайды Alash.kz.

Сұмдық оқиға туралы алғаш рет 2024 жылдың қазанында белгілі болған еді. Ол кезде құқық қорғау органдары Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында 16 жастағы мектеп оқушысының топтасып зорланғанын мәлімдеген болатын.

Тергеу нұсқасына сүйенсек, спорт залынан шыққан оқушы қызға танысы үйіне дейін көлікпен жеткізіп тастауды ұсынған. Ештеңеден күдіктенбеген бойжеткен ішінде өзге де үш жас жігіт отырған автокөлікке отырады. Күдікті төрт азамат оны иен далаға алып барып, жасөспірімге кезекпен зорлық-зомбылық көрсеткен. Қаскөйлердің сес көрсетіп, қорқытқанынан сескенген бойжеткен бұл сұмдықты ұзақ уақыт бойы ешкімге айтпай келген.

Кейін ұсталған төрт жігітке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бірдей бабы («Кәмелетке толмағанды зорлау» және «Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері») бойынша ресми айып тағылды. Алайда, 2026 жылдың қаңтарында бірінші сатыдағы сот шешімімен күдіктілердің барлығы ақталып, айыптары толық алынған еді.

Бұл ақтау үкімімен мектеп оқушысының отбасы мен Алматы облысының прокуратурасы келіспей, аппеляциялық шағым түсірді. Соның нәтижесінде сот тергеуі қайтадан жанданды. Істің соңғы барысы мен егжей-тегжейін #НеМолчиKZ қоры әлеуметтік желіде еске салды.

«Сот істе бар материалдарды тексерумен ғана шектелген жоқ. 2026 жылдың 17 маусымында прокурордың өтініхаты бойынша жаңа комиссиялық сот-медициндық сараптама тағайындалды. Қосымша зерттеу жүргізуге іс материалдарындағы қарама-қайшылықтар себеп болды», - деп жазды қоғам белсенділері Threads желісіндегі арнайы жазбасында.

Қазіргі таңда сот тергеуі жалғасып жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар