Марқұм фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сотта басты айыпталушы, пәтер иелері бірлестігінің басшысы Сәуле Жұбаниязова жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Көз жұмған фельдшердің өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында қайғылы оқиға орын алған апатты тұрғын үйдің жетекшісі, бұл істе жалғыз күдікті саналатын Сәуле Жұбаниязова жауап беріп, өз уәжін ортаға салды.
Оның мәлімдеуінше, баспананың қабырғалары мен төбесінде қауіпті жарықшақтар бұған дейін пайда бола бастаған.
«Мен екінші подъездің бесінші қабатында тұрамын. Анам және екі балам менімен бірге тұрады. Осыдан екі апта бұрын түнде біртүрлі дыбыс естідім. Қарасам, үйдің қабырғасы мен төбесінде сызат пайда болыпты. Тоғызыншы қабаттағы көршіме бардым, ол да қабырғасында жарықтардың барын айтты», — деді ол сотта.
Сондай-ақ айыпталушы баспананың зақымдалғанын көрген бойда дереу құтқарушыларды шақыртқанын жеткізді:
«Жексенбі күні үйге ТЖМ қызметкерлерін шақырып, бірінші подъездің белгілі бір бөлігін қоршап тастауын сұрадық. Себебі қазір онда апат үдеген. Екінші қабатта қабырға мен төбе ажырап кеткен, арасы шамамен жарты сантиметрге жеткен», — деп баяндады Жұбаниязова.
Айта кетейік, Сәуле Жұбаниязова — адам өліміне әкеп соқтырған бұл қылмыстық істегі жалғыз күдікті. Атқаратын лауазымдық міндеті турғысынан ол бұл қайғылы жағдайға өзін кінәлі деп есептемейді. Десе де, адамгершілік тұрғыдан өз отбасы — қос перзенті мен қарт анасының алдында өзін айыпты сезінетінін айтты.
«МИБ төрағасы ретінде мен бұл жағдайға кінәлі емеспін. Тұрғын үйге иелік етіп, басшы болғаным үшін тек екі балам мен анамның алдында кінәлімін. Балаларыма дені сау, бақытты шеше керек. Сондықтан барлық жағдайды ескере отырып, әділ шешім шығаруыңызды сұраймын», — деді Сәуле Жұбаниязова соттағы соңғы сөзінде.
Бұған дейінгі сот процесінде Сәуле Жұбаниязова апатты жағдайдағы бұл тұрғын үйді толық жөндеуден өткізу үшін шамамен 600 миллион теңге көлемінде қаражат қажет екенін хабарлаған болатын.