Астанадағы түнгі клубта атыс шығарған елорда тұрғыны сот шешімімен 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот тергеуі барысында белгілі болғандай, алкогольдік ішімдік ішіп, көңіл көтеретін газы бар шарларды тұтынған азамат мекемедегі өзге демалушыларға тиісе бастаған. Келушілердің бірі оған ескерту жасаған сәтте екі азаматтың арасында керіс туындайды.
«Бұған жауап ретінде сотталушы қоғамдық тәртіпті сақтауды ойламастан, көңіл көтеру мекемесінің ішінде өзімен бірге алып жүрген газ тапаншасын суырып алып, жапа шегушінің кеудесіне екі рет оқ атып, дене жарақатын келтірген. Осыдан кейін қылмыскер оқиға орнынан бой тасалаған», – деп хабарлады елордалық прокуратура.
Сот процесі барысында айыпталушы өз кінәсін толықтай мойындады. Сот ер адамды газ қаруын қолдана отырып бұзақылық жасағаны үшін айыпты деп танып, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.