Шымбұлақта орналасқан Gusto мейрамханасында қазақ тіліне қатысты болған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды қызу талқылады, деп жазады Alash.KZ.
Мейрамхана әкімшілігі ресми мәлімдеме жасап, болған жағдай үшін кешірім сұрады.
«Әкімші тарапынан орын алған қате тұжырым үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Бұл сөздердің көптеген адамдардың көңіліне тигенін түсінеміз. Біз мұндай көзқарасты қолдамаймыз және Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіліне, мәдениеті мен дәстүрлеріне әрқашан құрметпен қараймыз.
Ішкі қызметтік тексерудің қорытындысы бойынша, қызмет көрсету стандарттарына және мекемеміздің құндылықтарына сай келмегендігіне байланысты әкімшімен жұмысты тоқтату туралы шешім қабылданды», – делінген хабарламада.
Дауға белгілі заңгер Мейірман Шекеев араласып, істі құқықтық жағынан аяғына дейін апаратынын жеткізді. Өзі де Шымбұлақтағы дау туған мейрамханаға барып, әкімшісімен тілдесіп, мәселені бейжай қоймайтынын жеткізді.
«Қазақтың тілін менсінбегені былай тұрсын, Бақбергеннің бұл «Қазақстан» дегеніне «не важно» деп жауап бергенін қалай түсінеміз?», — деп жазды заңгер.
Еске салайық, Threads әлеуметтік желісіндегі қолданушының айтуынша, ол мейрамханада қазақ тілінде қызмет көрсете алатын даяшы бар-жоғын сұраған кезде, әкімші тарапынан дөрекі жауап алған. Ол «СССР-де туылғанын айтып» қазақша қызмет көрсетуден бас тартқан.
Оқиға желіде кеңінен таралып, қоғам тарапынан сынға ұшырады.