Түркістан облыстық психикалық ауытқуы бар жандарды емдейтін ауруханада былық шықты, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Информбюроға сілтеме жасап.
Емдеу мекемесінде санитар мамандар науқастардың жағдайын пайдаланып, арам ойын іске асырды дейді шағымданушылар. Тіпті, кәмелет жасына толмаған 17 жастағы бойжеткен жүкті болып, түсік жасатты деп отыр. Жәбірленушілердің туыстарының айтуынша полиция тергеуді сағызша созып, күдіктілерді де әлі ұстамаған.
Бет-жүзін көрсетпей, аты-жөнін атамауды өтінген келіншек Түркістан облыстық психикалық денсаулық орталығында болған сұмдық жайтты айтып берді. Сөзінше, шизофрения диагнозымен емделіп жатқан 17 жастағы қызын мекеме қызметкерлері зорлаған. Бұл жаға ұстатар оқиғаны бойжеткеннің құрсағына сәби біткенде бірақ білдім дейді анасы.
“Узиге апардым. Сол кезде 10 апта 4 күн деп берді. Бір емес екі узиге түсірдік. Қызым айтты тергеуде. Темір төсекке, теледидар бөлмесінде, камерасы жоқ жерде аяқ-қолын темір төсекке байлап, тартып, ұйықтататын аминазин деген уколды салып тұрып, екі санитар істеген екен. Камерасы жоқ жерде баспалдақта істеген екен. Тағы чердакқа шығарып істеген екен”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Осы орталықта емделіп жатқан 21 жастағы тағы бір қыз қорландым деп жақындарынан көмек сұраған екен. Анасы бірден полиция шақыртып, арыз жазғанын айтады. Сараптама тағайындалған. Бірақ тәртіп сақшылар үш айдан бері тергеуді жүргізбей, қол қусырып отыр дейді жәбірленушінің туыстары.
“Осы екі санитардың үстінен арызданғанбыз. Қылмыстық іс қозғалып, ешқандай әрекет істеп жатқан жоқ. Мен бармаған жерім қалмады. Жазуындай жазып жатырмын. Камераны да бізге көрсетпеді ғой. Одан кейін амал жоқ адвокат жалдадым. Адвокатпен барып, камераны алдық. Бірақ оны көруге маған мүмкіндік бермеді. Мүмкін арасында өздері тазалап өшіріп тастаған шығар. Не тергеуші көрсетпейді”, – дейді жәбірленушінің анасы.
Жүйке жүйесінде ақауы бар науқастар жататын орталықтың басшылығы сұхбат беруден бас тартты. Ал, полиция "зорлау" бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бірақ сараптама қорытындысы әлі шықпапты.
“Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар өткізілуде. Нәтижесі бойынша процессуалды шешім қабылданатын болады”, – дейді Шымкент қаласы әл-фараби ауданы полиция басқармасының бастығы Батыр Мырзагелдиев.
Жындыханада зорландым деген екі науқас та қазір үйінде. Кәмелет жасына толмай жүкті болған қызым жасанды түсік жасатты дейді анасы. Ал науқастардың жақындары енді балаларымызды психикалық денсаулық орталығына жібермейміз деп отыр. Олар кінәлілердің тиісті жазасын алғанын қалайды.