Ақмола облысында білім беру мекемесінен оқу қаруын ұрлаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот үкімімен кінәлі деп танылған азаматқа үш жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Яғни, істі болған азамат енді үш жыл бойы пробациялық бақылауда болып, мәжбүрлі еңбекке тартылады. Тергеу барысында анықталғандай, жөндеу жұмыстарына тартылған ер адам қызметтік мүмкіндігін пайдаланып, ғимарат терезесі арқылы Калашников оқу автоматы мен бірнеше пневматикалық спорттық мылтықты алып шыққан. Материалдық шығын көлемі 300 мың теңгеден асқан.
Оқиғаның мән-жайы туралы ПД аға инспекторы Әсем Әбдірахманова былай деді:
«Ол ұрланған қаруды ғимараттың терезесінен алып шыққан. Ұрлық дерегі анықталған соң, оқу орнының әкімшілігі полицияға жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында қызметкерлер күдіктінің кім екенін анықтады. Ер адам өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды өтеді».