Jusan "Қазақтелекомдағы" өз үлесін 40 млрд теңгеге сатты, деп жазады Alash.KZ Dalanews.kz сайтына сілтеп.
Негізінен, 2024 жылы желтоқсан айында Jusan "Қазақтелекомдағы" 9% үлесін немесе 983 мыңнан астам жай акцияларын шамамен 42,8 млрд теңгеге сатқан.
Яғни, бір акцияны 43 498 теңгеден бағалаған. Бірақ ол кезде сатып алушы тарап және мәміле сомасы туралы мәлімет берілмеген. Тек оның банкпен байланысты емес тұлға екені ғана айтылған. Сөйтіп 2025 жылы қаңтардың аяғында Jusan Bank-тің "Қазақтелеком" АҚ акционерлер құрамынан шыққаны белгілі болды.
"Банк компаниядағы акцияларын 2025 жылдың 24 наурызына дейін бөліп төлеу тәсілімен сатты. Сатып алушы - Telecom Systems Ltd. Бұл компания Qazaq Stroy құрылыс компаниясының негізін қалаушы және акционері Нұрлан Артықбаевқа тиесілі. Ол Forbes журналы жариялаған "Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкер" тізімінде 44-орынды тұр", деп жазады "Ручная экономика" Telegram арнасы.
Банк өз есептеулері бойынша, мәміле жасалған кездегі акциялардың баланстық құны мен алынған өтемнің әділ құны арасындағы айырма 1,5 млрд теңгені құрайды.
Jusan 2023 жылдың қыркүйегінде банк Ғалымжан Есеновтің қолына өткеннен кейін "Қазақтелекомның" 9% жай акцияларын сатып алған болатын. Сол кезде мәміле сомасы 32 млрд теңгеден сәл асады деп жарияланған.
"Банк бизнестегі жоғары цифрлық құрамдас қаржы институтын құруға бағытталған стратегиясы аясында акциялар сатып алды" деп хабарланды сол кезде.
Бұған дейін Есеновке тиесілі банк "Қазақтелекомның" еншілесі – Kcell-мен OGO жобасы бойынша ынтымақтастықты доғарған болатын. Ал оған дейін Jusan mobile сандық ұялы байланыс операторының жобасы бойынша Tele2/Altel-мен де жұмысын тоқтатқан.