5–7 маусым аралығында Абай облысының Ақсуат ауданында дәстүрлі «Асыл бесік – Ақсуат» спорт және өнер фестивалі өтеді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Ауқымды мәдени-спорттық шара жыл сайын ұлттық спортты, өнерді, білім мен руханиятты бір арнаға тоғыстыратын республикалық деңгейдегі маңызды бастамаға айналып келеді. Биылғы фестиваль де өз жалғасын тауып, мазмұны мен ауқымы жағынан жаңа деңгейге көтеріледі.
Фестиваль аясында еліміздің әр өңірінен келген 500-ге жуық спортшы мен өнерпаз бақ сынасады деп күтілуде. Үш күнге созылатын іс-шараға 25 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлануда.
Жалпы фестивальдің бюджеті шамамен 200 миллион теңгені құраса, жүлде қоры 100 миллион теңгеден асады. Бірқатар жарыстардың бас жүлдесі ретінде 5 автокөлік қойылды.
«Асыл бесік – Ақсуат» фестивалінің негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дамыту, жастардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін арттыру, сондай-ақ туған жерге деген сүйіспеншілік пен қоғамдық бірлікті нығайту, еліміздің өңірлеріндегі адами капитал сапасын көтеру, ал ұраны - “Туған жерге туыңды тік”.
Фестиваль бағдарламасына ұлттық спорттың бірнеше түрі енгізілген:
- Тоғызқұмалақтан республикалық турнир;
- Қазақ күресінен ASSYL ARLAN жарысы (өгіз палуан, түйе палуан);
- ASSYL TULPAR республикалық бәйге жарыстары (аламан бәйге, топ бәйге, Ақсуат арғымағы);
- Аударыспақ сайысы (екі салмақ дәрежесі);
- «Артық білім – кітапта» облыстық зияткерлік байқауы;

Сонымен қатар фестиваль аясында мәдени кештер, концерттік бағдарламалар және театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады.
Фестивальдің тарихы 2019 жылдан бастау алады. Алғашында «Тұғыры биік Тарбағатай» атауымен басталған жоба кейіннен жаңа мазмұнмен толықтырылып, «Асыл бесік – Ақсуат» атауына ие болды. Жобаның идея авторы әрі бас демеушісі – Ақсуат тумасы, белгілі меценат Дулат Тастекей.
Ақсуатта өтетін бұл мереке ұлттық спорт пен руханиятты дәріптеп қана қоймай, өңірдің туристік және әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға да серпін бермек.