Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов археология саласындағы қордаланған мәселелерге тоқталып, осы бағытта әзірленген жаңа заң жобасы жайлы айтты, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
“Қазір археология саласында біркелкі тәртіп жоқ деуге болады. Қай аймақта, қай жерде қандай қазба жүргізілді – толық білмейміз. Кім қазды, не тауып алды, сол жұмыс ғылыми стандарттарға сай ма – бізде толығымен ақпарат жоқ. Мысалы, ескерткіштердің өзі 42 түрлі тізімде шашылып жатыр. Бір жерде бар, бір жерде жоқ, нақты барлығын қамтитын база жоқ. Ал қазба жұмысы туралы есеп деген мүлде тапсырылмайды десек те болады. Қазба жүргізіледі, бірақ оның нәтижесі қағазда да, цифрлық жүйеде де жоқ. Жеке-дара табылған жәдігерлер бар, бірақ тұтас материалдар сақталмайды, жоғалады, бақылаусыз кетеді. Нәтижесінде, бір ескерткішті бірнеше рет зерттеп, уақыт пен қаржы босқа кете береді, ал кейбір тарихи орындар мүлде назарсыз қалып, жоғалып жатыр. Бұл – біздің мәдени мұрамызға жасалған үлкен қауіп. Енді осы жүйесіздіктің бәріне нүкте қойылмақ. Археологияға толық цифрлық бақылау енгіземіз. Енді кім қай жерде қазба жүргізіп жатыр, қандай әдіспен, не тапты – бәрі бір жүйеде тіркеледі. Қазба жұмыстарының есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар туралы ақпарат – барлығы ортақ цифрлық платформада болады. Бұл жүйе салаға тәртіп әкеледі, ашықтық орнатады. Бұдан былай археологиялық мұрамыз кездейсоқ адамның қолында емес, мемлекеттің бақылауында болады. Бұл – тарихты сақтау жолындағы маңызды қадам, - деді Асхат Аймағамбетов “Айқын” газетіне берген сұхбатында.