Жамбыл облысында бір апта бұрын жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен 43 жастағы Нұржан Өмірбековтің мәйіті табылды. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, хабар түскен сәттен бастап іздестіру-құтқару жұмыстары күн сайын жүргізілген. Іздеуге 100-ден астам полиция қызметкері, құтқарушылар мен еріктілер жұмылдырылған.
«Аумақты кезең-кезеңімен тексеру барысында жергілікті тұрғындар жоғалған ер адамның мәйітін тапты. Оқиғаның мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр», – деді Жамбыл облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі Карина Карташова.
Алдын ала мәліметке сәйкес, марқұм достарымен бірге мал қарауға фазендаға барған. Жолда көліктері бұзылып, үшеуі әр бағытқа кеткен. Достарының айтуынша, сол сәтте қар жауып, боран күшейген. Олар Нұржанды көліктің жанында қалдырып, өздері көмек іздеуге шыққан.
Болжам бойынша, Нұржан Өмірбеков те кейін жақын ауылға қарай бет алған. Алайда ауа райының күрт нашарлауына байланысты бағытынан жаңылған болуы мүмкін. Оның денесі бұзылған көліктен шамамен 10 шақырым қашықтықта табылған.
Қазір полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Алдын ала тексеру барысында мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Осыған байланысты қылмыстық іс қысқартылуы мүмкін екені айтылды.