Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жол бермейміз!»: Кенесары ханға тіл тигізген қырғыз студенттеріне қатысты заңгер мәлімдеме жасады (ВИДЕО)

09:52, 12 қазан 2026

Қазақ халқының соңғы ханы Кенесарының рухы мен тарихи тұлғасына тіл тигізіп, қоғамда үлкен наразылық тудырған Қырғызстанның екі азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Бұл туралы ел назарын аударған мәселенің басы-қатында жүрген заңгер Мейірман Шекеев ресми түрде мәлім етті. Оның айтуынша, Астанада білім алып жатқан қырғызстандық студент қыздардың әлеуметтік желідегі әрекетінен кейін ол дереу құқық қорғау органдарына шағым түсіріп, олардың әрекетіне заңды баға беруді талап еткен.

Мейірман Шекеев бұл жағдайға қатысты:

«Бүгін аталған Қырғыз Республикасының азаматтарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын жариялаймыз. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр деген арнайы түсіндірме мен құжат алдым», – деп қуантты.

Заңгер ұлттық мүдде мен тарихи тұлғаларға қатысты кез келген құрметсіздік жауапсыз қалмайтынын қатаң ескертті.

Сондай-ақ ол:

«Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады демекші, біздің болмысымызға, ұлттық мүддемізге, Кенесары болсын, басқа да ата-бабаларымыздың рухына болсын, тіл тигізуге жол бермейміз. Олардың бүгінгі таңда ұрпақтары өмір сүріп жатыр. Біз ешкімге жерімізге, ұлтымызға және тарихи тұлғаларымызға қатысты теріс сөз сөйлеуге жол бермейміз», – деп өз ұстанымын ашық жеткізді.

Еске сала кетейік, бұған дейін елордада оқитын Аруке мен Эдина есімді студенттер әлеуметтік желіде жариялаған видеосында Кенесары ханның бас сүйегіне қатысты әбес әрі дөрекі сөздер айтып, ханның рухын қорлайтын мәлімдеме жасаған болатын. Қазіргі таңда бұл факті бойынша тиісті тексеру амалдары жүріп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар