Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Жоғарғы соттың деректер базасы желіге тарап кетті деген хабарламаға байланысты ресми тексеріс жұмыстарын бастады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл жайында премьер-министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте айтты. Бұған дейін даркнет желісінде Қазақстанның Жоғарғы сотына тиесілі делінген ақпараттық база 50 мың АҚШ долларына (шамамен 22,2 млн теңге) сатылымға шығарылғаны туралы ақпарат пайда болған еді. SOCRadar компаниясының болжамынша, аталған базада жүздеген миллион жазба сақталуы мүмкін.
Ал Жоғарғы соттың өзі сот органдарының бірыңғай порталы ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау стандарттарына толық сай әзірленгенін және барлық қажетті тексерістен өткенін алға тартып, мәліметтердің сыртқа шығып кеткенін әзірге растаған жоқ.
Министрдің түсіндіруінше, даркнет алаңдарында қазақстандықтардың жеке мәліметтерін сату туралы хабарландырулар жиі жарияланады. Дегенмен онда ұсынылған файлдардың бәрі бірдей шынайы бола бермейді, кей жағдайда тексеру нәтижесінде ел азаматтарына еш қатысы жоқ суреттер мен бөгде деректер анықталып жатады.
Қазіргі таңда жауапты мамандар желіде тараған базаның нақты мазмұнын зерделеп, мекемеде ақпараттық қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейін тексеруге кірісті. Егер тексеріс барысында қандай да бір заң бұзушылық әшкереленсе, мекеме басшылығын қоса алғанда, кінәлі лауазымды тұлғалар әкімшілік айыппұл арқалайды.
Жаслан Мәдиев мұндай жайттардың бұрын да тіркелгенін еске салды. Мәселен, кезінде 4 миллион қазақстандықтың дерегі медициналық ұйымнан тарады деген шағым расталмағанымен, тексеру кезінде ақпараттық қауіпсіздік ережелерінің бұзылғаны белгілі болып, жауапты тарапқа айыппұл салынған. Министрдің айтуынша, бұл оқиға DamuMed медициналық платформасына байланысты болған.