Жезқазған қаласында орналасқан мұнай базаларының бірінің аумағында үш автокөлік өрттенді. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін газ-ауа қоспасынан жарылыс болып, ангардың қабырғалары қирады, деп хабарлайды Alash.KZ порталы.
Абырой болғанда ТЖМ құтқарушылары алапат өртті ауыздықтай алды.
"Оқиға орнына бірнеше минут ішінде дереу келген ТЖМ-нің алғашқы бөлімшелері қорғаныс жылу шағылыстырғыш костюмдерінде өртті сөндіре бастады. Іле-шала қосымша өрт сөндіру құрамы да келіп жетті. Қанат жайған жедел штаб жанармайы бар резервуарды салқындату арқылы қорғау үшін бір звеноны от ішіне жіберу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Жану орнына жақын тұрған гидранттарға автоцистерналарды орналастыра отырып, өрт сөндірушілер көбік шабуылының көмегімен өртті 100 шаршы метр алаңда сөндірді".
Өрт салдарынан мұнай базасының төрт қызметкері ауруханаға жатқызылды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.