Қазақстанның Халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова үйіндегі жөндеу жұмыстарының сапасына наразылық білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Әншінің сөзінше, үйін жөндетуге 55 миллион теңге жұмсаған. Алайда қомақты қаржыға жасалған жұмыстың сапасы көңілінен шықпаған. Алайда жөндеу аяқталғаннан кейін бір жылға жетпей үйдің қасбеті бүлініп, сылақтары түсе бастаған.
“Мынау менің жөндеу жұмыстарымнан 1 жыл да өткен жоқ. Құрылысшылардың жасап кеткені. Өзіміздің қазақтың жігіттері. 55 миллион ақша алды. 4 ай миымды шірітіп, оларға тамақ беріп, ақшасын төледім. Енді үйдің жан-жағының барлығы түсіп жатыр. Қалай осылай жұмыс жасауға болады? Не деген сұмдық? Еркегі жоқ, жесір әйел деп басынғаны ма?”, – деп күйінді әнші.
Мақпал Жүнісова жөндеу жұмыстары кезінде құрылысшыларға жағдай жасап, еңбекақысын уақытылы төлегенін де атап өтті. Оның айтуынша, соған қарамастан жасалған жұмыстың нәтижесі көңіл көншітпей отыр.
Өнер иесі мәселені сот арқылы шешуге уақыты жоқ екенін мәлімдеді. Ол бұл жағдайды көпшілікке көрсетудегі мақсаты - құрылысшылардың жауапсыздығына назар аударту екенін айтты.
“Мен ол бригадирді білемін. Бірақ онымен соттасып жүретін менің уақытым жоқ. Жалпы халық білсін деп көрсетіп отырмын. Барлығы түсіп жатыр, астын дұрыс жасамаған, бәрі ілініп тұр. Қалай жыламайсың? Әттең, Зәкең жоқ. Бастарын жұлып алатын еді”, – деп түйіндеді Мақпал Жүнісова.