Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қызметінен кетті. Оның отставкаға кеткенін Атырау облысының әкімдігі растады, деп жазады Alash.KZ.
Әкімдік мәліметінше, Шәкір Кейкин қала әкімі қызметінен өз еркімен кеткен.
Шәкір Кейкиннің қызметтен кетуі бұған дейін оның екі орынбасарына қатысты қылмыстық істердің қозғалуымен тұспа-тұс келіп отыр.
Биыл маусым айында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты соталды тергеу жүріп жатқаны туралы ақпарат тараған еді.
Арада көп уақыт өтпей, әкімнің тағы бір орынбасары Тілек Махуовқа қатысты тергеу басталғаны белгілі болды. Ол 100 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Кейін бұл ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Алайда ведомство тергеу құпиясына байланысты істің өзге мән-жайларын жарияламады.
Осыдан кейін әлеуметтік желіде Шәкір Кейкиннің өзі де ҰҚК назарына іліккені туралы ақпарат тарады. Атап айтқанда, әкімдіктегі жиналыстардың бірінде ҰҚК қызметкерлері қала әкімін алып кеткені жөнінде сыбыс шыққан.
Кейін бұл ақпаратқа қатысты түрлі мәлімет тарады. Кейбір дереккөздер Шәкір Кейкиннің жауап алынғаннан кейін үйіне жіберілгенін, сондай-ақ тергеу аясында жауап беруге шақырылғанын хабарлады.
Дегенмен әкімге қандай да бір қылмыс бойынша айып тағылғаны жөнінде ресми ақпарат болған жоқ.
Шәкір Кейкиннің біраз уақыт көпшілік алдына шықпауы да қала тұрғындарының назарын аударды. Әлеуметтік желіде әкімнің қайда жүргені туралы сұрақтар көбейді. Сол кезде Атырау қаласы әкімдігі оның денсаулығына байланысты уақытша еңбекке жарамсыз болғанын мәлімдеген. Кейін әкімнің жұмысқа қайта шығып, өз міндетін атқарып жүргені хабарланды.
Шәкір Кейкин Атырау қаласының әкімі қызметін 2023 жылдан бері атқарып келді.
Қазіргі таңда оның қызметтен кетуіне байланысты бұған дейінгі тергеулердің тікелей себеп болғаны туралы ресми мәлімдеме жоқ.