Қызылорда облысының Арал қаласында 31 тамызға қараған түні 38 жастағы учаскелік полиция инспекторы, майор Мырзажан Жакенов аяусыз өлім құшты. Оның денесі зорлық-зомбылық белгілерімен күдіктінің үйіндегі гараждан, шөптің астына жасырылған күйі табылған. Осы қайғылы оқиғадан кейін марқұмның артында қалған жары Лаура мен туыстары істің әділ тергелуін, қылмысқа қатысы бар барлық адамдардың жазалануын және майордың «қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапты» деп ресми танылуын талап етуде, деп хабарлайды Alash.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Марқұмның әйелі Лаураның айтуынша, оқиға болған күні олардың шаңырақ көтергендеріне 17 жыл толған. Майор Жакенов 28 тамыздан бастап демалысқа шығуға өтініш жазғанымен, басшылық тарапынан тиісті бұйрық әлі шықпаған болған. Түнгі сағат 01:30-да үйлеріне оралған сәтте полиция қызметкеріне өз учаскесіндегі тұрғын әйелден отбасылық жанжалға байланысты шұғыл хабарлама түскен.
«Есік алдына келгенде “шұғыл шақырту беріп жатыр, сен үйге кіре бер” деді. “Не шақырту” деп едім, “әйелін күйеуі ұрып жатыр екен, телефоныма хабарлама жіберіпті” деді. Мен де көріп, “102 хабарлассай” деген едім, “мені әлі еңбек демалысына шығармады ғой, әйеліне бірдеңе болып қалар, баруым керек” деп тез асығып кетіп қалды. Бір өкініштісі, 102 тіркетпейді, хабарласқан адамдарға өз нөмірлеріне хабарласуын сұрайды. Бүкіл полицейлер сондай, өз учаскесіндегі адамдарға 102 шықпай, өзімізге тікелей хабарлаңдар деп айтқызады», — деді марқұмның жары Лаура.
Шақыртуға кеткен офицер қайтып оралмаған. Кейін оның мәйіті бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылығы үшін бірнеше рет жауапқа тартылған күдіктінің үйінен табылған. Оның денесін қалың киімге орап, шөптің арасына тығып қойған. Сараптама қорытындысына сүйенген туыстары марқұмға балта, лом және күрекпен соққы жасалғанын, яғни қылмысты бір емес, бірнеше адам жасаған болуы мүмкін екенін айтады.
«Күйеуімді бір адам өлтірді деп ойламаймын. Бірнеше қаруды бір уақытта бір адам қолдана алмайды. Тағы да қасында адамдар бар деп ойлаймын. Менің жолдасымды күдікті өз гаражында айуандықпен, азаптап өлтіріп, таппасын деп тығып тастаған. Ақтық сапарында маған және анасына, бауырларына дидарын көрсетпеді. Мен әділдікті сұраймын. Менің жолдасымның қабірде жаны тыныш жатсын», — деп толықтырды марқұмның әйелі.
Сонымен қатар, марқұмның жақындары күдіктінің әпкесі Арал аудандық сотының орындаушысы екенін алға тартып, істі бұрмалау мен туыстарына қоқан-лоқы көрсету әрекеттері болғанын хабарлады. Олар Ішкі істер министрлігінен майордың абыройына нұқсан келтірмей, оны демалыста болды демей, қызмет бабында қаза тапты деп тануды өтінеді. Марқұмның артында әйелі мен 4 баласы қалды.
Аталған сұмдық оқиғаға қатысты Қызылорда облыстық Полиция департаменті де түсініктеме берді.
«Арал ауданында тұрмыстық жанжал барысында учаскелік полиция инспекторына дене жарақаттары салынып, соның салдарынан ол қайтыс болды. Оқиға кезінде қызметкер еңбек демалысында болған. Қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін күдікті отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтары үшін қайтыс болған учаскелік инспектор тарапынан бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты қорғау нұсқамалары да шығарылған», — деп мәлімдеді ведомство өкілдері.
Кейінірек полиция өкілдері Қызылорда облысында учаскелік полиция инспекторының өліміне күдікті ретінде Арал ауданының 39 жастағы тұрғыны ұсталып, сот санкциясымен қамауға алынғанын растады. Тергеу барысы ПД басшылығының бақылауында. Осы жайтқа қатысты редакция ҚР Ішкі істер министрлігіне арнайы сауал жолдады.