Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жаудың басын қайтармау керек»: Қазақ тарихына күмән келтірген қырғыз қыздарының басы дауға қалды (ВИДЕО)

13:09, 14 қыркүйек 2026

Астанада академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алып жүрген екі қырғызстандық бойжеткеннің хандығымыздың соңғы билеушісі Кенесары Касымұлы туралы айтқан даулы мәлімдемесі желіде үлкен наразылық тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.

Бейнежазбада қыздардың бірі қазақ ұлтының тарихына күмән келтіріп, бауырлас екі ел арасындағы тарихи өкпе-реніштің себебін сұрайды.

«Қазақтар жақында ғана пайда болды, ал қырғыздар бұрыннан бар. Қазақтар қырғыздарға тағы бір мәселе бойынша ренжиді. Енді соны сен түсіндірші», — деді ол қасындағы серігіне қарап.

Кадрдағы ер азамат сөздің Кенесары хан төңірегінде өрбіп жатқанын аңғартып, қазақ ханының бас сүйегі не себепті қайтарылмағанын нақтыламақ болады. Жауап берген бойжеткен бұл жайтты көшпенділердің байырғы дәстүрімен байланыстырды.

«Біздің салтымыз бойынша көшпенділер жаудың басын қайтармауы керек. Ханның атын қорлап, оны біржола таптау үшін бас сүйегінен шарап ішуіміз керек», — деді ол.

Осы сәтте трансляцияға сырттан қосылған тағы бір қатысушы сөзге араласып, бойжеткендердің қазір Қазақстанда екенін сұрап біледі. Жүргізуші олардың Бішкектен Астана қаласына оқу бағдарламасы бойынша келгенін растағанда, ол наразылығын жасыра алмады.

«Олар ертең қазақстандық достары мен ата-аналарының алдында ұялмай ма? Бұл видео интернетке тарайды. Біз қырғыздарды құрметтейміз, олар туралы жаман сөз айтпаймыз. Ал олар қазақтың ханын қорлап отыр», — деді ол.

Қазіргі уақытта бұл бейнежазбадағы қыздардың аты-жөні, азаматтығы және елордадағы қай жоғары оқу орнында оқитыны әлі анықталған жоқ. Тіл тигізу фактісі бойынша құқық қорғау немесе ресми органдар тарапынан әлі ешқандай түсініктеме берілген жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар