Белгілі продюсер Гүлзира Айдарбекова Түркістан қаласынан Алматыға ұшпақ болған сапарында күтпеген жағдайға тап болып, әуежайда бірнеше сағатын жоғалтқанын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол әуе компанияларының қызметіне көңілі толмай, әлеуметтік желідегі парақшасында оқырмандарымен ренішін бөлісті.
Продюсердің айтуынша, рейстің кейінге шегерілуіне байланысты жоспарланған уақыты босқа кеп, Шымкент арқылы басқа билет алуға мәжбүр болған.
«Енді шәй ішуге де, оқырмандармен суретке түсуге де уақыт бар. Ойбааай, әлі 2 жарым сағат бар ұшуға. Бүгінгі бос өткен күнім ай… Түркістаннан Алматыға 14:25-те ұшу керек болып, ұшаққа отырсақ, басқа ұшақтан от шықты деп қайта түсірді. Тек уақытты созумен, соңында түнгі 22:30-да ұшасыздар деді. Сонымен сенім қалмай, Шымкентке келдік, басқа билет алып. Ол аздай билет сатқан компания: «Біз кінәлі емеспіз, ақша толық қайтарылмайды, аэропорт кінәлі» дейді. Сылтаулары бітпейді. Өз пайдаларына...», — деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін рейс уақытының өзгеруі жиі кездескенімен, продюсер билет құнын толық қайтармай, жауапкершіліктен қашқан компанияның әрекетіне наразылығын жасыра алмады.