Еркін күрестен Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында жеңімпаз болған қазақ балуаны Азамат Дәулетбек жеңісін тасқын судан теперіш көрген халқына арнап, қазақстандықтардың еңсесін көтерді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Азамат Дәулетбек 86 келіде күресіп, өзбек балуаны Жабраил Шапиевті 5:1 есебімен жеңді.
«Бүгін Азияның үш дүркін чемпионы атандым. Осы орайда жеңісімді Құлсары, Орал, Ақтөбе өңірлерінде су тасқынынан зардап шеккен халыққа арнаймын! Еңсеміз түспесін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - деді Азияның үш дүркін чемпионы Азамат Дәулетбек.
Естеріңізге сала кетейік, Азамат Дәулетбек осыған дейін 2022 жылы – Ұлан-Баторда, 2023 жылы Астанада чемпион атанған еді.