Қазақстандық әнші Арман Көмекұлы қамауға алынды. Көпшілікке ARO лақап атымен танымал азаматтың 15 тәулікке еркіндігі шектелді. Бұл туралы әші өз Instagram парақшасында хабарлап, оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Әншінің айтуынша, оқиға Алматы қаласы, Шаляпин көшесінде болған. Жол-патрульдік полициясы оның көлігін тоқтатып, сақтандырудың жоғын анықтаған. Сол кезде көлікті әншінің ағасы жүргізіп келе жатқан.
ARO өз сөзінде рөлде өзі болмағанын, көлікті бөгде адамға, яғни ағасына басқаруға бергенін айтты. Алайда полиция сараптамаға алып, жүргізушінің қанынан тыйым салынған заттар анықтаған. Нәтижесінде әншінің 15 тәулікке қамауға алынғаны белгілі болды.
“Мен өз көлігімді сау адамға бердім деп ойлағанмын. Жазықсыз кетіп бара жатқан секілдімін”, – деп жазды ол.
Әнші бұл оқиға бойынша сотқа апелляция беру үшін адвокат іздеп жатқанын да мәлімдеді. Алайда кейінірек Instagram-дағы жазбасын өшіріп тастағаны белгілі болды.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары арасында әншіні қолдап та, сынап та жатқандар да бар. Қазіргі уақытта оқиғаның жай-жапсыры анықталып жатыр.